You are here

Тілдердің үштұғырлығы және көптілді білім беру ісіне профессор Н.Л. Еремияның сіңірген еңбегі туралы

22.12.2017, 16:54   255

Версия для печатиPDF versionEPUB version

«Қоғамдық келісім» сарайында «Ақмола облысында үштұғырлы тіл саясатын дамыту» атты  тақырыптағы профессор Наталья Леонидовна Еремияны еске алуға арналған ғылыми-әдістемелік семинар өткізілді. Аталмыш іс-шараның ұйымдастырушылары Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанындағы ғылыми-сараптамалық топ мүшелері. Семинарға лингвист – ғалымдар, магистранттар,

Ш. Уәлиханов  КМУ және  А. Мырзахметов КУ  студенттері шақыртылды.

Кездесу модераторы, тарих ғылымдарының кандидаты, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің халықаралық қатынастар, тарих және әлеуметтік жұмыс кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанындағы ғылыми-сараптамалық топ төрағасы – Қапышев Ардақ Қайыржанұлы өзі оқыған «Көптілділік – этносаралық келісімді нығайту факторы ретінде» атты тақырыбындағы баяндамасында: «Тіл саясаты тілдік мәселелер мен сананы қалыптастыратын маңызды фактор болып табылады. Қазақстан Республикасы көпұлтты мемлекет ретінде үштұғырлы қазақ, орыс және ағылшын тілдерін қатар меңгеру арқылы көптілділік сананы дамытуда. Аталмыш үштұғырлы тіл саясаты Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандық қоғамды біріктіру ісіндегі   жаһандық маңызы бар бастамасы болып табылады. Осы орайда  көптілділікті қалыптастыру мен дамыту жұмыстарында білім беру саласының алар орны ерекше. Себебі кез-келген тұлғаны мектепте, колледжде, ЖОО-да жазуға, оқуға, ойлауға, пікір айтып, алынған ақпаратты саралауға үйретеді. Бұл жерде білім беретін оқытушылардың рөлін де атап өткен жөн.  Дәл осындай білікті ұстаз, ғалым, филологтың бірі  Наталья Леонидовна Еремия саналады», - деген сөздер келтіріп, профессор Еремия Наталья Леонидовнаның филология мен білім беру ісіне қосқан үлесін айрықша атап өтті.

Наталья Леонидовна Еремия 40 жылдан астам уақыт бойы Ш. Уәлиханов атындағы КМУ ағылшын тілі кафедрасында қызмет етті. Осы жылдар ішінде 100-ден аса ғылыми еңбек, 5 әдістемелік пен сөздік даярлап жазды. 1999 жылы Америкалық Өмірбаяндық Институты Халықаралық Зерттеу Кеңесінің нұсқасымен «Жыл әйелі»  әлемдік сыйын алып, дәл сол жылы «Екінші мыңжылдықтың Құрметті алтын медальімен» марапатталды.

Семинар барысында Наталья Леонидовнаның атына өзімен қызметтес болған жандар мен шәкірттерінің атынан көп жылы сөздер айтылды. Сол достардың бірі, кезедесуде сөз сөйлеген М. Қозыбаев атындағы СҚМУ герман-роман кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты, «Ы.Алтынсарин» және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 және 20 жылдық мерейтойларына арналған төсбелгілердің иегері Тетюхин Евгений Петровичтің сөзі жиналған жұртты өзіне қаратты. Петропавл қаласынан арнайы келген ол, бір жылдардағы Наталья Лоенидовнаменен бірге қызмет еткен кездерін, олардың арасындағы достық, әріптестік арақатынастың жақсы болғандығын айтып, ол  кісімен жұмыс барысындағы бастап өткізген қызықты да қиын шақтары туралы естеліктерімен бөлісті.

Экономика ғылымдарының кандидаты, профессордың м. а,  Ш.Уәлиханов КМУ ОӘК жетекшісі Ескендірова Сәуле Қуандыққызы да Наталья Леонидовнамен арадағы әріптестіктері туралы айтып, Ш.Уәлиханов атындағы КМУ көптілділікті енгізу бойынша тәжірибе жүргізу істерін есіне алды. Педагогика ғылымдарының магистрі, Ш.Уәлиханов атындағы КМУ ағылшын тілі және оқыту әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы Мұқажанова Гүлнар Жылқайдарқызы тілді меңгермеген жандарға арналған екі тілдік сөздіктің жасалу ерекшелігіне тоқталып, Н.Л. Еремияның қандай ашық-жарқын адам және нағыз педагог, ғалым болғандығын атап өтті. Ал семинардың ең жас қатысушылары, «Шетел тілі: 2 шетел тілі»  мамандығының магистранттары, Гладышев Руслан, Мусаиып Фариза, Астафьева Анастасиялар «CLIL пәндік-тілдік кіріктірілген оқыту ретінде" және "Экстенсивті оқылым оқушылардың ауызша және жазба мәдениетін дамытудың маңызды факторы ретінде» атты тақырыптардағы баяндамаларын оқып,  кездесуге қатысып отырған тәжірибелі оқытушылардың оң бағаларына ие болды.

Сонымен қоса ғылыми-семинарда  «Қазақстандағы көптілділік коммуникациясы: ауызекі және мәтіндік құрылым» атты Сағындықова Ж.О., Свинарчук А.И. және КубринаТ. В дайындағын ұжымдық монографияның тұсаукесері орын алды. Бұл еңбекте тілдік білім берудің ерекшелігктерімен, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің еліміздегі әлеуметтік-коммуникациялық кеңістігіндегі алар орны туралы зерттеулер келтірілген. Оған қоса аталмыш жиында ғалымдар жұртшылық назарына «Қазақ-орыс-ағылшын тілдеріндегі әлеуметтік жұмыс бойынша анықтама-сөздік» еңбегін ұсынды. Сөздік елімізде енді дамып келе жатқан әлеуметтік жұмыс саласында кездесетін түрлі терминдарға үш тілде анықтама берілген  550 сөзден тұрады. Анықтама-сөздік Қазақстан Республикасы Білім беру министрлігі республикалық оқыту-әдістемелік бірлестігінің ұсынысына ие. Бір айта кететін жайт, аталмыш сөздікті Ш.Уәлиханов атындағы КМУ, А.Мырзахметов атындағы КУ мен ҚР ІІМ ТЖК Көкшетау техникалық институты білім беру ордаларының ғалымдары бірлесіп дайындағандығы. Ал Еремия Н.Л.  болса анықтама-сөздікті құрастыру ісіне өзінің баға жетпес үлесін қосты.

Тыңдаушы қауымның қызығушылығын тудырған тағы бір тұс, жиын аясында Ш. Уәлиханов атындағы КМУ «Шетел тілі: 2 шетел тілі» мамандығының докторанттары Герфанова Эльмира Фиратовна мен Михайлова Татьяна Владимировналардың «Заманауи  көптілді білім беру  үлгісінде тіл мен мәдениетті меңгеру принціпі» және «Үштілді білім берудің заманауи мақсаттары» атты тақырыптарда оқыған баяндамалары болды. Жалпы алғанда семинар жұмысына қатысушы жандардың көпшілігі Еремия Наталья Леонидовнаның бастамасымен адамгершілік тәлім-тәрбие алып, ағылшын тілін меңгергендігін ерекше атап өту қажет. Оның өмір бойы айналысқан ғылыми мұрасы, осыменен үшінші буын өкілдеріне жетіп, шәкірттерінің еңбектері арқылы жалғасын табыуда. Профессор Н. Л. Еремия сынды асыл жан, аяулы ұстаз, білікті ғалымды шәкірттері мен әріптестері естен шығармай, жыл сайын оны еске алуға арналған бүгінгі ғылыми-әдістемелік семинар сияқты іс-шараларды өткізіп тұратыны қуантады.

Дата события Ассамблеи: 

Жұма, 22 Желтоқсан, 2017

Байланыс

Қазақстан халқы Ассамблеясы

Қазақстан Республикасы
010000, Астана қаласы 
Сол жағалау, Үкімет үйі

e-mail: info_rgy@mail.ru

 тел.: + 7 7172 74 12 13

          + 7 7172 74 12 15